Ақсу – Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығы

Тянь-Шань – Орта және Орталық Азиядағы орасан зор тау жүйесі. Ол 2,5 км шақырымға созылып, бір қатар тұтастай тау жоталарынан құралған. Ақсу-Жабағлы қорығы Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан.

Ақсу – Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығы – Қазақстан АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен  1926 жылы шілденің 14-іне құрылды. Қаулыда қорық «Табиғат ескерткіші ретінде Ақсу мен Жабағылы өзендерін,олардың барлық ағаш және тал-шілік егістерін, шөп жамылғылары мен осы қорықты мекендейтін жан-жануарлар әлемін қол тимеген табиғи қалпында сақтап қалу мақсатында» құрылғаны атап көрсетілген.Қорықтың көлемі жылдан – жылға өзгеріп, бүгінде оның алып жатқан аумағы –131 934,3 га.

Ақсу – Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығы екі мемлекетпен – Қырғызстан  және Өзбекстанмен шектеседі, қорықтың жері Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарын және Жамбыл облысының Жуалы ауданын  қамтиды.

Қорықта ең биік тау – Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен4238 м. Қазақ халқы бұл тауды «Ақтүйе өлген» деп атаған, өйткені таудың көрінісі жансыз жатқан түйеге ұқсайды.

Қорықтың орталығында биік, мұзды Бұғылытұр шыңы ерекшеленеді. Бұғылы деп аталуы, бұл тауда бұғылар мекендейді.

Қорықтың ең негізгі өзендері – Ақсу және Жабағылы. Ақсу – ең ұзын өзен, 120 км-ге созылып жатыр. Мамыр айында Ақсу көгілдір түсті болса, ал жаз айында, өзен тасыған кезде, оның түсі сүтке ұқсас болады. Бұл өзеннің аты да соған байланысты қойылған. Кіші Ақсу мен Үлкен Ақсу қосылған жерде тамаша айбынды терең тік аңғарлар – құз-шатқал құралған.

Жабағылы өзені Ақсудан екі есе қысқа, тар, саз қоспаларының әсерінен өзеннің суы сары, кейбір кезде қызыл болады. Өзендер басын таудағы жылжымалы қалың мұз бен қардан алады. Қорықта 114 мұз таулары бар.

Қорықтың аумағындағы көлдің саны   –  27, олардың бәрі өте биікте қар ермейтін жерде орналасқан.

 

  Ақсу-Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығы – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға  бай қазына. Соңғы деректерге қарағанда қорық аумағында құстың 267, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қос мекенділердің 3 түрі мекендейді. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның 2124 түрлері бар.

Ақсу-Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктер дүниесіне бай. Оның аумағында мүктің 63, қынаның  63 -тен астам, балдырдың -64,  саңырауқұлақтың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі, соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 17  түрі кездеседі. Бұл бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі.